Skip to content
Publications

Article · Фтизиопульмонология · July 15, 2024

ҚАЛҚАНША БЕЗІНІҢ ЙОД ЖЕТІСПЕУШІЛІГІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АУРУЛАРЫНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК САЛДАРЛАРЫ

Л.З. Назарова, Ardak N. Nurbakyt, М.Н. Жакупова, Nadira Aitambayeva, Ш.М. Светланова, Akylbek Saktapov

Abstract

Қалқанша безінің аурулары кең таралған және әсіресе қоршаған ортада йод жеткіліксіз аймақтарда неғұрлым жиі кездесетін эндокриндік патология болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, эндокриндік бұзылулар арасында қалқанша безінің аурулары қант диабетінен кейін екінші орында тұр. Қалқанша безінің дисфункциясы халықтың 5-10%-да, көбінесе әйелдер арасында және 60 жастан асқан жас тобында жиі анықталады. Жыл сайын қалқанша безінің патологиясы бар науқастарды емдеу үшін мемлекеттер орасан зор қаражат жұмсауға мәжбүр, ал бұл үлкен медициналық және әлеуметтік-экономикалық проблемалар туғызатыны мәлім. Бұл мақалада біз географиялық айырмашылықтар мен қоршаған орта факторларының әсеріне ерекше назар аудара отырып, қалқанша безінің дисфункциясының жаһандық жиілігі мен оның салдарларына шолу жасаймыз. Кіріспе. Үнемі өзгеріп отыратын экологиялық және радиологиялық жағдай қалқанша безінің ауруларының көбеюіне ықпал етеді және тиреоидты патологияның құрылымын өзгертеді. Қазіргі халықаралық стандарттарға, диагностика мен емдеуге арналған нұсқаулықтарға қарамастан, қалқанша безі ауруларының өсу проблемасы әдебиеттерде көптеген қайшылықтар мен пікірталастар тудырады, өйткені тиреоидты патологиялар мен соматикалық бұзылыстар жиі үйлескен жағдайда кездеседі. Зерттеу мақсаты. Әлем бойынша қалқанша безі дисфункциясының қазіргі таңдағы эпидемиологиясы туралы жарияланған әдебиет көздеріне шолу жүргізу. Зерттеу материалдары мен әдістері. Scopus, Web of Science, PubMed, Google Scholar, Е-library ғылыми дерекқорларынан әлем бойынша қалқанша безі ауруларының жиілігі және оның салдарлары туралы отандық және шетелдік авторлардың мақалаларына шолу жасалды. Әдеби шолуға енгізілген басылымдар орыс және ағылшын тілдеріндегі толық мәтінді мақалаларды қамтыды. Зерттеу нәтижелері. Қалқанша безінің гормондары өсу, жүйке жүйесінің дамуы, көбею және энергия алмасуын реттейді. Құрамында йоды бар тамақтану қалқанша безінің ауруларының қаупін анықтайтын негізгі фактор болып табылады, дегенмен, қартаю, темекі шегу, генетикалық бейімділік, этникалық тиесілілік, эндокриндік бұзылулар және иммундық бақылау ингибиторларын қамтитын жаңа терапиялық дәрі-дәрмектерді қолдану сияқты басқа да факторлар қалқанша безі ауруларының эпидемиологиясына әсер етеді. Қорытынды. Йод тапшылығы біздің планетамызда өте кең таралған, одан Еуропа, Азия, Африка, Америка, Австралия сияқты барлық континенттердің халқы зардап шегеді. Эндокриндік жүйе мүшелерінің қызметіне кері ықпал ететін қоршаған ортаның зиянды химиялық факторларының салдары қалқанша безінің ауруларының жиілігі мен патоморфозының өсуі түрінде көрінеді. Жүктілік кезіндегі қалқанша безінің функциясының бұзылуы йод тапшылығы кезінде: токсикозға, гестозға – 54,5% жағдайда, ұрықтың созылмалы құрсақішілік гипоксиясына – 22,7%, жүктілікті тоқтату қаупіне – 18,2%, ұрықтың перинаталдық энцефалопатиясына – 68,2%, ұрықтың даму ауытқуларына: гидроцефалия, микроцефалия, Даун ауруы, туа біткен гипотиреоз, тиреотоксикозға – 18-25% әкелуі мүмкін.

Thyroid Disorders and TreatmentsThyroid and Parathyroid SurgeryThyroid Cancer Diagnosis and Treatmentthyroid dysfunctioniodine deficiencyiodine deficiency disorders

More by Nadira Aitambayeva